Таяуда Ресей телеарналарының бірінен көлеңке театрының қойылымын көріп қалдым. Мені осы көлеңке театрының шығу тарихы қызықтырады.
Әлия МҰРАТҚЫЗЫ, Семей қаласы
Көлеңке театры – осыдан 1500 жыл бұрын Азияда пайда болған визуалды өнер түрі. Бұл өнер шартты түрде көлеңке театры деп аталғаны болмаса, экранда ешқандай көлеңке болмайды, тек жарық түсірілген экранның арғы жағынан қуыршақтардың сұлбасы көрініп тұрады. Экран жұқалтаң болып келеді. Әдетте қуыршақтар түйенің, ешкінің жұқа терісінен, қағаздан, қатты немесе түрлі-түсті қағаздардан жасалады. Түрлі фигурадағы қуыршақтар бамбук, ағаш және металл таяқтармен қозғалатын болған. Сондай-ақ көлеңке театрында тек қуыршақтар ғана қолданылмайды, актерлердің қолының қимылы арқылы жасалған түрлі фигуралар, тіпті актердің өзі де көрінуі мүмкін. Екінші мыңжылдықта көлеңке театры Қытай мен Үндістанда өте кең тарады. Шыңғыс ханның әскерімен бірге Азияның басқа елдеріне де тарала бастаған деседі. Көлеңке театры XVI ғасырда Түркияда, яғни Осман империясында өте жоғары деңгейге көтерілді. 1767 жылы көлеңке театрының техникасын француздық миссионер Жюль Алод өз Отанына алып барды. Ал 1776 жылы бұл театр Ұлыбританияда да танымал болды. Немістің белгілі ақыны Гете осы бір өнер түріне аса қызығушылық танытып, өзі арнайы қойылым қойған екен. Бүгінде көптеген коллекционерлердің арасында теріден жасалған қуыршақтар қымбат бағаланады. Ал көлеңке театрының өзі жойылудың аз алдында. Азиядан бастау алған бұл театр бүгінде Грекияда, Чехословакияда, АҚШ-та бар. Ал Ресейде бұл өнер жеке театр емес, қосымша қойылымдар түрінде пайдаланылады. Қазіргі таңда көлеңке театры Индонезияда кең таралған.
Көлеңке театры деген не?
Последние статьи автора