Кітапханадағы тарихи құжаттармен танысу үшін не істеуім керек?
Үлкен кітапханалардағы сирек қолжазбалар мен тарихи құжаттармен танысу үшін не істеуім керек, оған қандай құжаттар талап етіледі? Оқырман билеті қанша мерзімге беріледі?
Марат, Ақтөбе облысы
Бүгінде кәмелетке толған еліміздің және шетелдің әрбір азаматы кітапханаға оқырман ретінде тіркеле алады. Алайда сирек қолжазбалар мен тарихи құжаттар мәтіндерімен танысу үшін әдеттегі тіркеуден бөлек үдерістер жүзеге асырылады.
Мәселен, ғылыммен айналысып, белгілі бір тақырып аясында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген ізденушілер диссертация залы мен сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорын пайдалану үшін төмендегідей жеке басын куәландыратын құжаттарымен қоса:
оқырманның жұмыс мекемесінен, оқу орнынан фирмалық бланкте ҚР Ұлттық кітапханасының бас директорының атына жазылған қатынас-хатын;
оқырманның ғылыми дәрежесін және лауазымын растайтын құжаттардың көшірмесін тапсыруы тиіс.
Жалпы, келушілерге екі түрлі оқырман билеті ұсынылады: тұрақты және біржолғы. Оқырман билеттерінде жарамдылық мерзімі көрсетіледі.
Біржолғы билеттің жарамдылық мерзімі – кітапхананың бір жұмыс күніне ғана жарайды. Ол арқылы тек оқу залдарының ғана қызметін пайдалануға құқылы. Оқырман билетін жоғалтқан жағдайда оқырмандарды тіркеу қызметі жетекшісінің атына өтініш жазылып, 30 күн ішінде қайта қаралып, қалпына келтіріледі. Тұрақты оқырман билетін қайта шығару материал шығындары есебімен іске асырылады.