Кітапхана қорындағы сан мыңдаған құжаттар мен кітаптарды, басылымдарды бүліндірмей сақтаудың белгілі бір әдістері бар ма?
Кітапхана түгіл үйдегі кітаптарымызды шаң-тозаңнан, жәндіктерден дұрыс сақтамасақ, бүлініп қалады емес пе? Ал кітапхана қорын сақтау шарттары оның физика-химиялық, биологиялық және механикалық түрде бүлінбеуін қамтамасыз етеді. Сирек кездесетін құнды құжаттар ұдайы және ұзақ мерзім бойы пайдаланылатын басылымдар мен материалдар қолданыстағы мемлекеттік стандартқа сәйкес сақталады. Белгілі бір ережеге сәйкес орналастырылған қор құжаттары мен басылымдар арнайы бөлінген сағаттарда және санитарлық күндері ұдайы тексеріледі. Қорлар стеллаждарда, кітаптар мен газеттерге арналған шкафтарда тігінен немесе көлденеңінен қойылып сақталады. Мерзімді басылымдар, парақтағы материалдар регистрлерде уақытша сақталады, ал жыл аяқталғанда түптеледі. Кітап қоймаларындағы электр жарығының шамдары 40-69 Вт-тық болады. Стеллаж аралық жолға екі метр сайын және жалпы жолға әрбір төрт-бес метр сайын шам қойылады. Шамдар өрттен қауіпсіз және шаң мен су өтпейтін болуға тиіс. Қорды сақтаудың тиімді температурасы і - 17-19 С, ауаның жалпы ылғалдылығы 55 пайыз болуы тиіс. Қорды тиесілі режимде сақтау шартының бірі шаңнан және биологиялық зиян келтірушілерден сақтау болып табылады. Арасында жәндіктер пайда болған кітаптар бөлек алынып, әр беті мұқият тазартылады. Қордың барлығы бүлінген жағдайда залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.