Кiтап палатасы деген не палата?
Қазақстанда Кiтап палатасы деген мекеме бар екенiн естiгенмiн. Осы мекеме немен айналысады?
Нұрсабет БЕКҰЛЫ, Ақмола облысы
Бұл сұраққа Ұлттық кiтап палатасының директоры Жанат СЕЙДУМАНОВ жауап бередi:
– Кiтап палатасы – ақпарат әлемiндегi рухани басылымдардың жарыққа шығуына бағыт-бағдар берiп, халықаралық стандарт талабына сай тiркеуге алып, баспа және баспасөз өнiмдерiн жинақтап, сақтайтын, статистикасын жүргiзетiн ғылыми-библиографиялық орталық. Палатаның алтын қорында халқымыздың ұлы ақын-жыраулары мен жазба әдебиет классиктерiнiң туындылары, әлемдiк көркемсөз өнерiнiң үздiк үлгiлерi, заманауи қаламгерлердiң әйгiлi туындылары, газет-журналдар, басқа да басылымдар сақталады. Құрылғаннан бергi 72 жыл уақыт iшiнде Кiтап палатасы Қазақстанның мемлекеттiк библиографиялық, баспасөз статистикасының, библиографиялық анықтама берудiң және Халықаралық стандарттық нөмiрлер (ISBN, ISSN) тағайындайтын ғылыми, рухани орталығына айналды. Кiтап палатасы бүгiнгi күннiң тынысымен ғана шектелiп қалмай, заман талабына сай атқарылатын жұмысқа жаңа өзгерiстер енгiзiп, ақпараттық кеңiстiктегi бәсекелестiктi дамыту бағытына ықпал етуде.