«Киото» бiзге де жеттi
«Киото протоколы» деген не? Оның Қазақстанға қатысы бар ма?
Алмас ЖОЛТАЕВ, 11-сыныптың оқушысы
Киото хаттамасы – Жапонияның Киото қаласында 1997 жылы қабылданған халықаралық құжат. Аталған хаттама Бiрiккен Ұлттар Ұйымының 1992 жылы Бразилияда жасалған Негiздемелiк конвенциясын тиiмдi iске асыру мақсатында әзiрленген. Бүгiнгi күнi хаттаманы әлемнiң 184 елi ратификациялаған. Қазақстан да климатының өзгеруi туралы Негiздемелiк конвенцияны ратификациялады және 1999 жылы Киото хаттамасына қол қойған. Содан бергi он жыл iшiнде бұл хаттама қабылданған жоқ. Киото хаттамасы 6 парниктiк газға қатысты мәселенi реттейдi. Бұлардың iшiндегi көмiртегi оксидi, метан, азот оксидi Қазақстанда өндiрiлетiн болып отыр. Хаттама Негiздемелiк конвенцияны iске асыру жөнiнде үш бағыттағы тетiктердi көздейдi. Қазақстан осы үш бағыттың бiрiншiсiн ұстануды қолдайды. Ол – Негiздемелiк конвенцияның 1 қосымшасына кiрмеген елдерге осындай қосымшаға кiрген елдер есебiнен парник газдарының шығарылуын азайту жөнiндегi әр түрлi жобаларды жүзеге асыруға мүмкiндiк беретiн таза даму тетiгi. Айта кетейiк, кеше ғана ҚР Парламентi Сенатының отырысында «БҰҰ климаттың өзгеруi туралы Негiздемелiк конвенциясына Киото хаттамасын ратификациялау туралы» заң қабылданды.