Кім Мәжіліс депутаты бола алады?
Алдағы Мәжіліс сайлауына түсетін үміткерге қойылатын талаптар қандай? Қандай жағдайда кандидат болып тіркеле алмайды?
Бағдат Есілхан, Алматы
Республика аумағында соңғы он жыл тұрақты тұратын, жасы 25-ке толған, Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес, белсенді сайлау құқығына ие ҚР азаматы Парламент Мәжілісінің депутаты бола алады. Сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгілеген тәртіппен таныған адам Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттығына кандидат бола алмайды.
Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы – белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарға қатысты Ассамблея кеңесіне тиесілі.
Бiртұтас жалпыұлттық сайлау округiнiң аумағы бойынша Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тiзiмге енгізу саяси партияның жоғарғы органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды кіргізуге құқығы жоқ.