Кілемді қалай тазалау керек?
Біз қалалы жерде тұрғандықтан, кілем, текемет сынды заттарды тазалауға қиналамыз. Ал арнайы қызмет көрсететін орындар өте қымбат ақы алады. Сондықтан кейде көлік жуатын жерге апарып, білгенімізше тазартуға тырысамыз. Сұрайын дегенім – кілемді үй ішінде қалай қолдан тазалауға болады?
Гүлбибі ӘБУҚЫЗЫ, Алматы қаласы
Кілемдерді тазалау үшін алдымен оның шаңын қағу керек, содан кейін мына әдістердің бірін қолданған жөн: біріншіден, тең мөлшерде алынған сабын ұнтағы мен сода қоспасының жылы судағы ерітіндісін кілемнің бетіне сеуіп, щеткамен ысқылайды. Артынан ылғалды, одан кейін құрғақ шүберекпен сүртеді. Егер дайын ерітіндіге аздаған мөлшерде скипидар құйса, онда оның тазартқыштық қасиеті одан сайын жақсарады. Екінші әдіс - алдын ала сабынды суда қайнатылған ас тұзының ұнтағын кілем үстіне сеуіп, содан кейін оны сыпырғышпен бірнеше рет сыпырады. Тұз ұнтағы кілем шаңын бойына сіңіріп алады да, оны жақсы тазартады, төсенішке әр беріп тұрады.