Киіз үй – киіз туырлықты қазақ халқы
Журналистика тарихында Ахаң, яғни Ахмет Байтұрсынұлы ашқан «Қазақ» газетінің рөлі ерекше екенін білеміз. Осы газеттің логотипіне неге киіз үйді таңдап алған? Арыстарымыз осы арқылы бізге бәлкім, бір ой айтқысы келді ме?
Айнұр Бөлебай, Алматы
Сіздің сауалыңызға жауапты 1918 жылғы «Қазақ» газетінің №258 санында арыстарымыздың бірі Міржақып Дулатовтың мақаласы арқылы беруді жөн көрдік.
«Қазақ» газетінің басына үй суретін орнатуда мынадай мағына бар еді: киіз үй – киіз туырлықты қазақ халқы. Үйдің түндігі ашық, есігі жабық болуындағы мағына: түндік жарық беретін жол, есік түрлі заттар кіретін жол дегендік. Жарық жолы ашық, еркін болсын, түрлі заттар кіретін есік еркін болмасын делінген еді. Түндіктен түсетін жарыққа өнер-ғылым енгізілген еді. Түндіктің күнбас жағынан ашылуы өнер-ғылым Еуропа жағында күшті болатын себепті, қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері тарасын деген мағына еді.
«Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетші болсын делінген еді».