Кетбұға өмірде болған адам ба?
Кетбұға ақын өмірде болған ба? Кейбір әңгімелер оның тек аңыз кейіпкері ғана екенін айтады.
Талғат НҰРЖАУ, Қызылорда облысы
Энциклопедиялық анықтамалықтар Кетбұға ақынның шамамен (өткен жыл санау бойынша) 1150 жылдары өмір сүргенін жазады. Ақын, күйші, аңыз кейіпкері орта жүз құрамындағы найман тайпасының бағаналы тармағынан шыққан. ХІV ғ жазылған «Шаджарат әл-атрак» («Түрік шежіресі») атты кітаптағы деректер бойынша, Дешті Қыпшақ әмірі Жошы хан аң аулап жүріп қаза тапқанда, Шыңғыс ханға қаралы хабарды жеткізуге ешкім бата алмайды. Сонда Кетбұға ауыр міндетті өз мойнына алады. Әуелі: «Теңіз бастан былғанды, кім тұндырар, а, ханым, Терек түптеп жығылды, кім тұрғызар, а, ханым?», – деп Шыңғыс ханды қаралы хабарға әзірлеп алады да, баласы Жошының өлімін күймен естіртеді. Кетбұғаның бізге осы «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйі және күй шығарар алдында айтқан бірнеше жол өлеңдері ғана жетті. Басқа әдеби немесе музыкалық шығармасы сақталмаған. Алайда кезінде ол Ұлығ жыршы деген атаққа да ие болған. Кетбұға сөз өнерінің дамуына да ерекше ықпал еткен көрнекті тұлға болғандығы байқалады. ХV ғасырдың аяғы мен ХVІ ғасырдың алғашқы ширегінде жасаған Доспамбет жырау өз шығармаларында Кетбұға туралы үлкен құрметпен айтады. Ол туралы аңыздар қырғыз фольклорында да байқалады.