Кешенді сақтандыру деген не?
Көлігімді сақтандырайын деп агентпен сөйлесіп едім, «стандартты» , «кешенді сақтандыру» деген сөздер айтты. Бұл екеуінің айырмашылығы қандай?
Ерлан БЕРІКБОЛОВ, Есік қаласы
Оқырманның сауалына жауапты Қаржылық қадағалау агенттігі мамандары берді. Стандартты сақтандыру шарты бойынша бір немесе бірнеше көлік иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі сақтандырылады. Ал кешенді сақтандыру бірнеше көлігі бар азаматтарға арналған. Стандартты шарт бекітілген кезде сақтандыру компаниясы клиентке әр көлік үшін жеке-жеке полис береді. Кешенді сақтандыру кезінде сақтанушыға бірнеше көлік үшін бір полис алуға болады. Біз «Сентрас иншуранс» компаниясы қызметкерлерінен клиент төлейтін сақтандыру сыйақысын есептеп беруді өтіндік. Мысалы, көлік тізгінін ұстағанына екі жылдан асқан 31 жастағы Алматы тұрғыны пайдалану мерзімі 7 жылдан асқан екі көлігін бір полиспен сақтандырып, 16 459 теңге төлейді екен. Бір қызығы, бір көлігін сақтандырса да, осынша шығын шығады. Жеке тұлғалар осы әдіспен жеңіл автокөлік, мотокөлік, жүк көлігі, автобус, жүк тіркемесін сақтандыра алады.