Қазақтың соңғы ханы Кенесары ханға арналған шығармалар жайлы білгім келеді.
Нұрболат, Көкшетау қаласы
Кенесары хан қазақ халқының дербес мемлекеттілігін қалпына келтіру, халқын бодандықтан құтқару мақсатында күресті. Сол себепті де ханның өмірі мен азаттық жолындағы күресі көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болды. Мәселен, Нысанбай ақынның «Кенесары – Наурызбай» дастаны (ХІХ ғ.) 1875 жылы сұлтан Жантөриннің тәржімасымен «Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбаларында» орыс тілінде жарияланған. ХХ ғ-дың 1930 жылдары М.Әуезов «Хан Кене» пьесасын, 1960 жылдары І.Есенберлин «Қаһар» романын жазды. «Қазақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың бүлігі» деген тақырыппен Н.Середаның 1870 жылы «Вестник Европы» журналының бірнеше нөміріне бастырған кітабының дерек көзі ретіндегі маңызы зор. 1888 жылы Ташкентте «Кенесары мен Садық» деген атпен шыққан Кенесарының баласы сұлтан Ахмет Кенесариннің естеліктер жинағы да құнды еңбек болып табылады. Сонымен қатар Кеңес өкіметі тұсында ханның күрес жолына іргелі ғылыми зерттеу арнаған тарихшы ғалым Е.Бекмахановтың («ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан», 1947) еңбегін атап айтуға болады.
Кенесары хан туралы қандай шығармалар бар?
Последние статьи автора