Картопты ашқан кім?
Картопты жер-жаһан жұрты бұрын тек гүл дегені рас па? Оны алғаш тағам ретінде ашқан кім?
Жанар, Ақтау қаласы
Күлкілі болса да, бергі заманға дейін картопты сәнқой бикештер арасында әдемі келбетке көрік берер әшекей деп қабылданып келгені шындық. Көгілдір гүлдестеге қол жеткізу үшін ханымдар қанша сома болса да төлеуге әзір болған.
Картоптың отаны Оңтүстік Америка екенін бүгінде барлық жұрт біледі. Алғаш оның дәмін де татып, қадірін де білген сол құрлықтың байырғы тұрғындары – аборигендер. Алғаш Еуропаға картопты алып келген испандық теңізшілер еді, бұл шамамен 1570-1580 жылдар болса керек. Тағы бір деректер оны жоққа шығарып, Еуропаға осы бір көкөністі алып келген ағылшын вице-адмиралы Френсис Дрейк дейді. Оған себеп Оффенбург қаласындағы «Сэр Френсис Дрейк – 1580 жылы Еуропаға картопты жеткізуші» деген жазудың тұруы.
Ал картопты тағамдық құндылық деп таныған адамның аты нақты белгілі, ол – Педро Чеза де Леон есімді испандық. Перуде картопты «папа» деп атаса керек. Сол «папа» жайлы Чеза де Леон: «Жержаңғақтың ерекше түрі, пісіргенде жұп-жұмсақ каштан секілді болады. Қабығы бар, оны аршып жеу керек», — деп, үндістер тайпасының картоп жинау науқанына орай өткізген той дастарқанын сипаттап береді.