Жер бетінде кәдімгі кәмпит өсетін ағаш бар дейді. Сол рас па және бізде бар ма?
Мағжан Жәкішев, 7-сынып оқушысы
Шынында да, жер бетінде кәмпит ағашы өседі. Негізінен, Қытай, Үндістан, Жапония, Корея ормандарында кездеседі. Оның бұлай аталуы тегін емес: жеміс сабағының құрамында 40 пайызға дейін қант бар.
Қоңыр түсті сабағы жеуге жарамды, дәмі қышқыл мейізге ұқсас. Кепкен түрі Қытай мен Жапонияда тәтті тағам саналғандықтан, оны арнайы өсіру жағы да қолға алынған. Кәмпит ағашының биіктігі 20 метрге дейін жетеді, гүлдеген кезде аса әдемі көрінеді. Ұсақ ақ гүлдері келе-келе қатты, құрғақ жеміске айналады, ол жеуге жарамсыз. Есесіне жеміс сабағы тәп-тәуір өнім әкеледі. Үлкен бір ағаштан 30 келіге дейін кәмпит жинауға болады. Кеңес дәуірінде кәмпит ағашын өсіру әзірбайжанның Мардакян кентінде қолға алынған. Кейін Қырым, Кавказ және Орталық Азияның ыстық аймақтарына да таралды.