«Ит жейде» қайдан шыққан?
«Ит жейде» ұғымы қалай пайда болған? Оның біздің салт-дәстүрге қаншалықты қатысы бар?Нүрбибі Саматқызы, Ақтөбе қаласы
Ерте заманда аңыз бен шынайы салт қатар дамып, өрбіп отырған. Түркі халықтарында алғашқы адамның тәні топырақтан жаралғаны туралы әлем халықтарымен үндес сюжет кездеседі. Оларға аңыз бойынша Құдай адам мүсінін балшықтан жасап, оны итке күзеттірген кезде шайтан былғаған, сол себептен адам ғұмыры бейнетке толы болған деген сарын ортақ. Адам жалаңаш қалып, ит тонға ие болғаны туралы осы аңыз алтай, бурят, саха, эвенкі, мари сияқты халықтарға да тараған. Бұдан сәби өмірге келгенде жасалатын «ит жейде» салтының арғы тегі осы түсініктен бастау алады деген түйін жасауға болады. Бүгінде жаңа туған сәбиге ол бір жасқа толғанша міндетті түрде «ит жейде кигізеді». «Ит көйлек» түрлі бәле-жаладан, шайтанның былғауынан қорғайды деген сенім бар.