Іссапарға шыққандағы тәуліктік төлем мөлшері қанша?
Бұрын жекеменшік медициналық орталықта жұмыс істеген кезімде Астана қаласына іссапармен барған едім. Сонда тәуліктік төлем төрт айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде төленген еді. Қазір мемлекеттік емханада жұмыс істеймін. Таяуда іссапарға барып келдім. Бірақ маған екі АЕК мөлшерінде тәуліктік төлем төледі. Осы дұрыс па?
Айнаш ӘЛІМАРДАНОВА, Оңтүстік Қазақстан облысы
Сарапшы мамандардың мәліметіне сүйенсек, қызметкерлердi iссапарларға жiберудiң талаптары мен мерзiмдерi еңбек шартымен, ұжымдық шартпен немесе жұмыс берушiнiң актiсiмен айқындалады.
Іссапарларға жiберiлетiн қызметкерлерге:
1. Қызметтiк iссапарда, оның iшiнде жолда болған күнтiзбелiк күндерi үшiн тәулiктiк төлемдер;
2. баратын жерiне дейiнгi және керi қайтудағы жол жүру шығыстары;
3. тұрғын үй жалдау шығыстары төленедi.
Мемлекеттік мекемелерде іссапар шығыстарды төлеу тәртібі «Мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелер қызметкерлерiнiң, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының Қазақстан Республикасының шегiндегi қызметтiк iссапарлары туралы ереженi бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 22 қыркүйектегі №1428 қаулысымен бекітілген, оған сәйкес іссапарға жiберiлген қызметкердiң мынадай шығыстары өтеледi, оның ішінде iссапарда жүрген әрбiр күнi үшiн екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде тәулiкақы төленедi.
«2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш 1512 теңгені құрайды.