Ислам Конференциясы ұйымы қандай бірлестік?
Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ төріне озады деп жүрсек, бұған қоса 2011 жылы Ислам Конференциясы ұйымына төрағалық етеді дегенді естідім. Сол Ислам Конференциясы ұйымы туралы мәлімет берсеңіздер екен.
Нүркен ЕСКЕНДІРОВ, Орал қаласы
Сіз сұрап отырған Ислам Конференциясы ұйымы (ИКҰ) 1969 жылы 25 қыркүйекте мұсылман мемлекеттерінің бастамасымен саяси, әлеуметтік салада ислам ынтымақтастығын орнату, неоколониализм, нәсілшілдікпен күресу, Палестина азаттығы ұйымын қолдау мақсатында құрылған. Бүгінгі таңда 57 ел мүше, жалпы халық саны 1,2 миллиард болып табылатын бұл ұйым әлемдік саясатта үлкен ықпалға ие болды. Сондай-ақ оған Ресей, Босния және Герцеговина, Тайланд бақылаушы ретінде қатысады. Ұйымның штаб-пәтері Сауд Арабиясының Джидда қаласында орналасқан. ИҚҰ-ның басшысы – Бас хатшы, ал атқарушы органы Бас хатшылық деп аталады. Бас хатшыны мүше-елдер Сыртқы министрлер конференциясы бір мәрте 4 жылға сайлайды. Ұйым жанынан ашылып, дербес жұмыс істейтін төмендегідей органдар мен құрылымдар бар: Ислам Даму банкі, Ислам жаңалықтары агенттігі, Экономика және мәдени мәселелер жөнінде ислам комиссиясы, Иерусалим қоры, Ислам астаналары ұйымы, Ғылыми-техникалық даму ислам қоры және тағы басқалар.