Иранның астанасы Тебризге көшіріле ме?
Иран мемлекеті астанасын неліктен көшіргелі жатқанын білгім келеді.
Тимур, Оңтүстік Қазақстан облысы
Иранның астанасын Тегераннан көшіру мәселесі бұған дейін де жиі көтеріліп келген болатын. Бұған бірінші себеп – Тегеран қаласының шамадан тыс үлкеюі. Қазір ресми дерек бойынша Иран астанасында 12-13 миллион халық тұрады. Екінші себеп – Тегеран қаласы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Махмуд Ахмединежат Иран президенті болып тұрған тұста Тегерандағы 200 мың мемлекеттік қызметкерді басқа қалаға ауыстыру жобасы басталған еді. Бірақ бұл іс аяқсыз қалды. Жуырда Иран парламентінің 50 депутаты бұл мәселені қайта қозғады. Қазір Иран президенті басқаратын 14 адамнан құрылған жұмыс тобы осы іспен айналысып жатыр. Олар бір жыл бедерінде астананы көшіру мәселесін жан-жақты қарап, зерттеу нәтижелерін парламентке ұсынады. Иран билігі астананың қайда орналасуы мүмкін екендігін әлі ресми жариялаған жоқ. Алдын ала жасалған болжамдар бойынша болашақ астана 1,4 миллион тұрғыны бар Тебриз қаласы болуы мүмкін. Бұл қала 1514 жылдары Түрік империясының орталығы болған.