ИП деген мамандық па?
Таныстарымның көбi өздерiн ИП деп атайды да, кешке дейiн шауып жүредi. Бұл не сонда, мамандықтың бiр түрi ме?
Әмина ҚУНАҚОВА, Қызылорда
ИП – индивидуальный предприниматель, қазақшаға аударсақ, «жеке кәсiпкер» деген мағынаны бiлдiредi. Қазiр кез келген адам кәсiпкерлiкпен айналыса бередi. Бiрақ ол үшiн жеке фирма құрып, үлкен мекеме ашудың қажетi жоқ. Жеке кәсiпкер ретiнде тiркелiп, салығын уақытында төлеп тұрса, болды. Жалпы, жеке кәсiпкерге «заңды тұлғаға тән белгiлер жоқ» деген сипаттама беруге болады. Таратып айтсақ, ЖК-нiң заңды тұлғадан айырмашылығы төмендегiдей:
– ЖК-нiң жеке балансы да, сметасы да болмайды;
– ЖК мекеме болып табылмайды;
– ЖК-нiң құрылтайшысы да, мүшелерi де, құрылтайшыға тиесiлi құжаттары да болмайды;
– Жеке тұлғаның атынан басқа, оның арнаулы фирмалық атауы болмайды;
– ЖК-нiң құқықтары мемлекеттiк тiркеуден өткеннен кейiн емес, нақты қызметiн жүзеге асыра бастаған кезден басталады;
– ЖК азаматтық құқыққа ие және оған жеке тұлғаға тиесiлi мiндеттемелер жүктеледi;
– ЖК-нiң жеке тұлға секiлдi тұрақты мекенжайы болғанымен, тұрақты жұмыс кеңсесi болмайды;
– Алайда ЖК ретiнде тiркелiп, кәсiпкерлiкпен айналысатын азаматтар заңды тұлға секiлдi банкте есепшот ашып, өз шот-фактураларын беруге, «жұмыс актiлерiне» қол қоюға және өзге де қажеттi қызметтердi жүзеге асыруға мiндеттi. Сонымен қатар ЖК салық заңына сәйкес, мiндеттi салық төлеушi болып табылады. Қажет болған жағдайда үшiншi бiреудiң салық агентi бола алады;
– ЖК жеке тұлға ретiнде ипотекалық несие де, тұтыну несиесiн де ала алады.