Интернет арқылы табыс тапқың келе ме?

Бүгінде интернет арқылы табыс табуға болатыны жайлы жиі айтылады. Айтып қана қоймай, сол арқылы табыс тауып жүргендер де жетерлік. Ал оған қалай қол жеткізуге болады?

 

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, «Ютуб» каналының алтын батырмасына қол жеткізіп, тұрақты табыс тауып жүрген Гүлжанат Нұрышева (суретте) есімді блогер келіншекпен осы тақырып жөнінде сұхбаттасқан едік.

– Гүлжанат, алдымен өзіңіз жайлы әңгімелеп берсеңіз…

–  Мені көпшілік блогер, фудблогер ретінде таниды. «Ютубта» 1 000 000-нан астам «подписчигім», «Инстаграммда» 500 000-нан астам оқырманым бар. Негізі мамандығым – филолог. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ тілі филологиясы факультетін қызыл дипломға бітіргенмін. Сөйтіп мамандығым бойынша министрліктің қарамағында жұмыс істедім. Бес жыл бұрын сонда істеп жүргенде «Ютуб» каналын ашып, рецептер түсіріп сала бастадым. Жалақым азғантай ғана болатын.

Әр аптаның сенбі-жексенбі күндері жеті рецепт түсіріп, оны жұмысқа бара жатқанда видеомонтаж жасап, оны күн сайын «Ютубқа» салып отырдым. Осылайша бір жылда жүз мың «подписчик» жиналып, алғаш рет күміс батырманы қолыма алдым.

Жалпы, кішкентай кезімнен бастап тамақ істегенді жақсы көремін. Алтыншы сыныптан бастап торттар, түрлі тәттілер пісіріп үйрене бастадым. Тәттілер пісіруге деген қызығушылығымды анам оятты. Тамақ, торт, тәттілер пісіруге арналған түрлі құрылғылар, формалар сатып әперетін. Сегізінші сынып оқып жүргенімде әкем маған кішкене «Sony» деген цифрлық фотоаппарат сатып әперді. Сол фотоаппаратпен әртүрлі заттарды, пісірген тағамдарды суретке түсіре бастадым. Суретке түсіру қатты ұнаушы еді. Бүгінгі жетістігіме сол бала кездегі қызығушылықтарымды ата-анам қолдап, дамытуының арқасында жеткен шығармын деп ойлаймын.

– «Ютубтен» канал ашқанда сол арқылы табыс табуға болатынын білген бе едіңіз?

– Алғашқы кезде табыс табу туралы ойланған жоқпын. Мақсатым қазақ тілді контенттің дамуына үлесімді қосып, қазақша рецептер жариялау, адамдарға пайдамды тигізу болатын. Бірақ кейін әлеуметтік желілерден, пайда табуға болатыны жайлы естідім. Ізденіп көрсем шын мәнінде табыс табуға болады екен. Ол монетизация деп аталады екен. Сол монетизацияны қосып, декреттік демалыста отырған кезде алғашқы табысымды алдым. Негізі басында бұл менің хоббиім еді. Кейін келе сүйікті ісім табыс көзіне айналды. Қазір тұрақты табыс тауып, өзімді де, білгенімді үйрету арқылы оқырмандарымды да қуантып, адамдарға пайдамды тигізіп жүрмін деп ойлаймын.

– Әлеуметтік желі де адам өмірінің бір бөлшегі болды ғой. Көп уақытымыз сонда өтеді. Қызықты жағдайлар болып тұрады арасында. Сіздің де басыңыздан қызықты оқиғалар өткен болса керек…

– Иә, басында қызық болған. «Инстаграмм» парақшамды алғаш жүргізіп, «Ютуб» каналымды ашқан кезде қалай екенін білмеймін сайтта менің телефон нөмірім қалып кетіпті. Ол кезде елу-алпыс мыңдай оқырманым бар еді. Күн сайын көптеген оқырмандарым, тіпті кей күндері түнгі екі жарым, үштердің кезінде қоңырау шалып, кей пісірген нәрселері неге дұрыс шықпай жатқанын сұрайтын. Сол кезде мен оқырмандарымның телефон нөмірімді қайдан алып жатқанын түсінбей, алып тастағым келетін. Енді күн демей, түн демей хабарласқан оқырмандарға жауап беру де оңай емес қой.

– Көп аудитория жинау мақсатында кей адамдар тілді жетік білмесе де каналдарын өзге тілде жүргізеді. Ал сіз қазақ халқы аз болса да осындай көп қаралым жинап үлгеріпсіз. Жалпы, «Ютубта» «алтын батырманы» алу өте ауыр және шыдамдылықты қажет ететін жұмыс екенін білеміз. Осыған қалай жеткеніңіз жайында айтып бересіз бе?

– Иә, рас. Мен де басында «Ютуб» каналды орыс тілінде жүргізіп бастағанмын. Себебі әріптестерім мен жақын таныстарым маған қазақ тілді контент көп қаралым жинамайтынын айтып, орыс тілінде жүргізуге кеңес берген. Сөйтіп алғашқы бірнеше видеоларды орыс тілінде түсіргенмін. Бірақ ол маған қиын болып, қазақша түсіре бастадым. Сөйтсем керісінше, қазақша түсірген видеоларымның қаралым саны күн сайын көбейе берді. Шын мәнісінде қазақ тілді контент үлкен сұранысқа ие екен.

Мысалы, «Ютубта» қазақ тілді каналдар өте аз. Себебі бұл адамдар енді-енді үйреніп, жаңадан басталып жатқан сала. «Ниша» (тақырып, идея) бос жатыр. Сондықтан «Ютубтан» канал ашқыңыз келсе, дәл қазір бастаңыз. Сонда аз уақыттың ішінде жетістікке жетіп, танымал болуға болады. Ал алтын батырма жайлы айтар болсақ, оны ютубта 1 000 000 «подписчик» жиналған кезде береді. Мен шамамен үш жарым жылдың ішінде жинадым. Алдымен 100 000 «подписчик» жиналған кезде күміс батырма беріледі. Сосын 1 000 000 жинаған кезде алтын батырма. Бұған қалай жеткенімді айтар болсам, бұл да үлкен еңбекті қажет етеді. Жоғарыда айттым ғой аптаның әр сенбі, жексенбі күндері жеті рецепт түсіріп, оны монтаждап салып отыратынмын деп. Ол да үлкен еңбек. Әрі тұрақтылық керек. «Ютуб» болсын, басқа да әлеуметтік желілер болсын тұрақтылықты жақсы көреді.

– Қазақ тілді контентті дамытып қана қоймай, үйренемін деушілерге сабақ жүргізетініңізді білеміз. «Ютубта» курс бастау идеясы қалай келді? Және оған кімдер қатыса алады?

– Иә, бір жарым жылдан бері үйренемін деушілерге сабақ өтіп жүрмін. Бұл идеяны оқырмандарымның өздері берді. «Гүлжанат, «Ютубтан» қалай табыс табуға болады?» «Видеоны қалай салады?» «Үйретіңізші» деген сияқты хаттар көп келе бастады. Сөйтіп «Ютубта» курс ашу идеясы келді. Алғаш курс ашқан кезде бірден көп адам жазылды. Сол кезде курстардың да үлкен сұранысқа ие екенін түсіндім. Солайша курстарымды дамытып, көптеген видеосабақтар салып қойдым. Осы күнге дейін үш мыңға жуық шәкірт тәрбиелеппін.

– Интернет арқылы ақша тапқысы келетіндерге қандай ақыл-кеңестер айтасыз? Және «Инстаграмм», «Ютуб» каналын дамыту үшін не істеу керек?

– Ең бірінші айтарым, өзіңіз сенетін, интернет арқылы табыс тауып жүрген блогер, экспертті табу керек. Өйткені интернетте неше түрлі ақпараттар мен мәліметтер бар. Олардың кейбірі тіптен шындыққа жанаспайды. Рас арасында шынайы, адамға пайдалы ақпараттар да жетерлік. Алайда оның бәрін ақтарып, жүгініп, уақыт өткізгеннен дұрысы, жол сілтейтін бір жетекшіні табу.

Рас, интернет арқылы табыс табуға болады. Бірақ мақсат – табыс табу емес, адамдарға қандай да бір пайдаңды тигізу болса, Алла-тағала табысыңызды өзі еселеп жеткізіп қояды екен. Біз адамдарға қызмет етуді үйренуіміз керек.

– Көп рахмет! Табыстан табысқа жете беріңіз!

А. СЕМБЕК

zamana.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста