Инновациялық грант дегеніміз не?
«Республикалық бюджеттен инновациялық грант бөлінді» деп айтылып жатады. Бұл нендей мақсаттағы шара екенін білуге бола ма?
Әсия, Көкшетау қаласы
Инновациялық грант – тәжірибелік конструкторлық жұмыстар немесе тәуекелі жоғары зерттеулер, инновациялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу, санаткерлік меншік объектісін шетелде немесе халықаралық патенттік ұйымдарға тіркету, инновациялық технологияны иемдену мақсатында республикалық бюджеттен бөлінетін қайтарымсыз қаражат. Мәселен, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл республикалық бюджеттен 7,3 млрд теңге инновациялық грант бөлінді. Ал былтыр елімізде бөлінген мұндай қаржының көлемі 1,7 млрд теңгені құраған екен. Осыдан-ақ аталған мақсатқа бөлінетін қаражаттың төрт есеге молайғанын байқауға болады. Ұлттық инновациялық қор «бұл гранттар терең ғылыми негіздемесі бар технологияларға пайдаланылып, еліміздегі инновациялық дамуды ынталандыруға жұмсалады» дейді. Бұл арада үстіміздегі жылдың 28 шілдесінде инновациялық гранттарды алуға арызды қабылдау шарасы аяқталатындығын айта кетелік.