Иммунитетті қалай тексеруге болады?
«Иммунитеті жоғары» немесе «иммунитеті төмен» деген әңгімелерді көп естиміз. Жалпы, иммунитет жоғары ма, төмен бе, оны қалай тексеріп білуге болады?
Айжан ҚАНАТ, Түркістан
Денсаулығы мықты адам үш айда бір рет қана суықтап қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда ештеңені тексерудің қажеті жоқ. Иммундық жүйе әлсіреуінің бірінші белгісі – әсіресе, тыныс жолдарына тән созылмалы инфекциялар. Мұндай жағдайда иммунологқа көрінген абзал.
Иммундық жүйенің қандай органдары әлсіз екендігін арнаулы құралдардың көмегімен анықтап, оның белсенділігін арттыратын дәрі-дәрмекті жаңылыспай іріктеп алуға болады. Бірақ бұл – арнайы мекемелерде жасалуы тиіс нәрсе.
Ал иммундық жүйені табиғи түрде қалай көтеруге болады? Ол үшін таза ауада неғұрлым көбірек жүріп, зиянды әдеттерден мейлінше аулақ болған жөн. Иммунитеттің негізгі шарты – қорғаушы белоктар. Олардың көбірек түзілуі үшін ет пен балық өнімдерін, сондай-ақ ірімшік сияқты белокқа бай басқа да тағамдарды үзбей жеу керек.