Имидж – киім сәнін ғана өзгерту емес
Қазіргі кезде «имидж» сөзі жиі қолданылады. Әсіресе, бұл термин «мына әншінің имиджі мынадай» дегендей өнер адамдарына қатысты айтылып жатады. Имидж дегеніміз киім киюдегі ерекшелік пе?
Дәрия МҰХТАРҚЫЗЫ, Астана қаласы
«Имидж» ағылшын тілінен аударғанда бейне, бейнелеу деген мағынаны білдіреді. Бұл қолданбалы өнердің құрамдас бөлігі адамның беделін, белгілі бір қажеттілігін қанағаттандыру үшін қажет. Басқаша айтқанда, адамның өзін-өзі жарнамалауы десек те болғандай. Имиджді қалыптастыру немесе өзгерту тек киімнің сәнін ауыстыру деген сөз емес. Имидж әлеуметтік-саяси бағытта да адамның бағасын арттыруға ықпал етеді. Имиджді қалыптастыру үшін көптеген мамандар, психологтар, PR менеджерлер, әлеуметтік қызметкерлер, стилистер мен визажистер, продюсерлер еңбек етеді. Имидждің түрлері төмендегідей: 1) Қоршаған орта имиджі (адамның жұмыс кеңсесі, көлігі), 2) Қоғамдық имидж (өзі қолданатын заттар, мысалы, хаттар, визит карталары, әдетте сыйлайтын сыйлықтары, гүлдері); 3) Вербальды имидж (сөйлеу, жазу мәдениеті); 4) Кинетикалық имидж (өзіне ғана тән іс-қимылдары), 5) Габитарлы имидж (киімі, тұтынатын заттары, шашының сән үлгісі т.б); 6) Ментальды имидж (дүниетанымдық көзқарастары, этикалық әдептері, әлеуметтік жағдайы); 7) Сыртқы имидж (адам туралы басқалардың бағасы, дос-жарандардың, таныс, таныс емес жандардың деректері, бұқаралық ақпарат құралдарының өзі туралы таратқан ақпараттары). Мамандардың айтуынша, имидж адамның ішкі дүниесіне сай келуі шарт.