Ибраһимнің тұңғыш кітабы қашан шыққан?
Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы қашан және қай жерде жарық көрген? Оны кімдер шығарған?
Ғалым Бейсенұлы, Талдықорған қаласы
Абайтанушы Асан Омаров келтірген деректерге сүйенсек, Абайдың тұңғыш жинағы осыдан 101 жыл бұрын, яғни 1909 жылы Петерборда жарық көрген. Ақын қайтыс болғаннан кейін, оның жақын туыстары Абай мұрасын жинастырып, баспаға әзірлеген. Бұған кезінде 1915 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған Әлихан Бөкейхановтың мақаласы түрткі болған. Ол өз мақаласында «1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым» дегенді айтқан.Бұдан соң Кәкітай мен Тұрағұл 1905 жылы Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін жинап, түгендейді. Оны Мүрсейіт Біке баласы деген молданың қолына беріп, әдемілеп көшіріп жазғызған. Ол ақын шығармаларын бір ай бойы көшірген екен. Бір дерек бойынша, кейін жинақтың шығуына Шәкәрім де қолғабыс еткен. Тұңғыш жинақта Абай өлеңдері 17 бөлікке топтастырылып, әрбір бөлікке жекелей тақырып «Халық туралы», «Өлең туралы», «Өзі туралы», «Ғашықтық туралы», «Ой туралы» деген сияқты қойылған. Жинақтың басқы бетінде: «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғылының өлеңі. Бастырған: Кәкітай, Тұрағұл Құнанбай ұғландары. СПБ., Восточная электропечатня И.Бораганскога, 1909» деп жазылған.