Қазіргі таңда магистратура және докторантурада оқитын азаматтар арасында ғылыми мақалаларын ақылы түрде бастыратын сапалы және мазмұнды газет-журналдарға зәрулік байқалады. Осы ретте сұрағым: мен өз атымнан жекеменшік түрде осындай ғылыми журнал ашып, оны Мәдениет және ақпарат министрлігіне тіркетіп, ай сайын шығаруым үшін не істеуім керек?
Қалдархан ӘЛІСЕЙІТҰЛЫ, Алматы қаласы
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мамандарының айтуынша, мерзімді басылымды есепке қою үшін жекеменшік иесі Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 11-бабына сәйкес уәкілетті органға өтініш беруі қажет. Аталмыш өтінішке: – жеке тұлғалар үшiн – кәсiпкерлiк қызметпен айналысу құқығын растайтын құжаттың нотариалды түрде куәландырылған көшірмесі; – заңды тұлғалар үшін – заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің, құрылтай құжаттарының нотариалды түрде куәландырылған көшірмелері; – бюджетке алым төленгенін растайтын құжат қоса тіркеледі. Өтінішпен қоса берілетін құжаттар уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап 15 күн аралығында қаралуға тиіс. Ал баспасөз басылымының жарыққа шығу жиілігі өтініште көрсетілуі бойынша анықталады. Сондай-ақ, жоғарыда аталған Заңның 12-бабына сәйкес, басылымның таралымы 100 данадан кем болмауы тиіс.
Ғылыми журнал ашу үшін не істеуім керек?
Последние статьи автора