Ғылыми фантастиканы оқу оқиға желісі мен кейіпкерлердің эмоциясын түсінуде талдау қабілетінің нашарлауына әкеледі. Бұл мәлімет Scientific Study of Literature журналына жарияланған америкалық Крис Галавер мен Дэн Джонсон атты ғалымдардың зерттеу нәтижелерінен соң мәлім болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі The Guardian-ға сілтеме жасап.
Бұл экспериментке 150 адам қатысқан. Олар 1000 сөзден тұратын мәтінді оқуы керек болған. Қатысушылардың жартысына кейіпкердің дәмханаға кіріп адамдармен әңгімелесетінін, оның хаты жергілікті газетке қалай жарық көргені туралы әңгіме берілді. Ал екінші жартысы оқиға орны өзгерген ғылыми-фантастикалық нұсқадағы әңгімені оқуы керек: ғарыш кемесінде жүрген кейіпкер, бөтен адамдар, андроидтар жат ғаламшарлықтар. Бірінші мәтінде «есік» деген сөз кездессе, ғылыми-фантастикалық шығармада ол сөз «шлюз камерасына» ауыстырылады. Сөздері өзгерсе де екі әңгіменің де оқиғасы бірдей болған.
Экспериментке қатысушылар әңгімені оқып шыққан соң шығармадағы бас кейіпкердің баяндауы мен оның жай-күйін қалай қабылдағаны туралы баяндауы керек.
Зерттеушілер сюжет желісінің ғылыми фантастикаға ауысуы қатысушылардың көркем тілді түсінуін бірден төмендеткенін айтады. Олардың айтуынша, ғылыми фантастика оқырмандары кейіпкердің күйін сезінбейді.
Екінші мәтінді талдағандардың көпшілігі ғылыми фантастикадағы оқиғалар назар аударуға тұрмайды және терең ойланып оқуды қажет етпейді деп санаған.