Саяжайдағы бақшаға грек жаңғағының көшетін отырғызып едім. Ол қанша уақытта жеміс береді? Және адам ағзасына пайдасы бар ма?
Жәнібек ЕРҒАЛИ, Алматы облысы
Грек жаңғағы бес пен тоғыз жыл аралығында жеміс береді. Өсімдік мамандарының айтуынша, 200-300 жылға дейін жеміс беретін ағаштың өнімі 35 жылдан соң молая түсетін көрінеді. Тек бір ағаштың өзінен 400 келіге дейін жаңғақ жинауға болады. Негізінен, Еуропа және Азия елдерінде кең тараған грек жаңғағы дәнінің құрамында 74% май, 20%-ға жуық ақуыз және 7% көміртегі болады. Сол сияқты аскорбин қышқылы, рутин мен тиамин сияқты адам ағзасына қажетті дәрумендер де осы жемістің құрамында кездеседі. Ертеде бұл ағаштың жапырақтарын әскери дәрігерлер жарақаттарды тез жазу үшін жараға таңатын болған. Одан бөлек тіс аурулары, ревматизм, стоматит, асқазан жараларын емдеуге пайдалы көрінеді.