Қазір қалтасы қалың байшыкештер жер бетін қойып, ғарышқа сапар шегуге ауыз сала бастады ғой. Білгім келетіні, ғарышқа туризм қашаннан басталды және осы уақытқа дейін қанша турист тіркеліп үлгерді? Және де оның жолақысы қанша екен?
Самат БЕЙСЕНОВ, Байқоңыр қаласы
Адамзаттың алғаш Айға табаны тиген, жалпы ғарышқа ұшуды меңгерген кезеңі ХХ ғасыр болғанымен, ғарыш туризмі ХХІ ғасырдың жетістігі болып табылады. Ең алғашқы ғарыш турисі 2001 жылы сапарға шыққан, тегі итальян, Америка азаматы Дэнис Тито болса, 2002 жылы ғарышқа — оңтүстікафрикалық кәсіпкер Майкл Шаттлворт, 2003 жылы америкалық мультимиллионер Грегори Олсен ұшқан болатын. Осындай ғарышкерлер санатында жапондық миллионер Дайсуке Эномото мен Аноуше Ансари де бар. Америкалық миллионер Ричард Гэрриот – ғарышқа ұшқан алтыншы турист, оның әкесі Оуэн Герриот та ғарышкер болыпты.
Әрине, ғарыштық жолақы бағасы да – «ғарыштық». Әйгілі миллионерлердің әрқайсысы таңғажайып саяхат жасап қайту үшін 20 миллиондай доллар төлеген.