Ғабитхан деген кім?
Абай мен Көкбайды және Абайдың ұлдарын оқытқан Ғабитхан деген молда жайлы естігенмен, ол туралы мәлімет таба алмадым. Ғабитхан қандай адам болған?
Сағыныш, Қызылорда қаласы
Ғабитхан (1835-1932) – Құнанбай балаларын және басқа да тобықты балаларын оқытқан ноғай молда. Абай сегіз жасынан бастап Ғабитханнан оқыған. Ғабитхан кезінде солдаттан қашып, қазақ ауылына сіңіп кеткен. 1857 жылдан Құнанбайдың «Есенбай жырасы» деген жерде салдырған медреседе, 1880 жылдан бастап Абайдың Жидебайда тұрғызған медресе үйінде дәріс береді. Ғабитханның қолымен араб әріптерімен жазылған хаттары – абайтану саласына қосылған қымбат қазына. Олар Құнанбай мырзаның атынан Омбыда кадет корпусында оқып жүрген Халиоллаға 1866 жылы ақпан айының 4-інде жазған хаты, 1866 жылы наурыз айының 8-інде Ибрагим атынан жолдаған хаты. Ғабитхан 1932 жылы ашаршылық кезінде қайтыс болып, Жидебайда жерленген. 2006 жылы Ғабитхан зиратына құлыптас орнатылды. Ғабитхан зираты Жидебай қорығындағы Құдайберді-Зере-Ұлжан зират қорғанында.