Феннің пайда болғанына ғасырдан асыпты
Қазіргі уақытта жуылған шашты кептіретін фендер тұрмысқа ең қажетті бұйымдардың біріне айналды. Мұндай құралдар қай кезден бері бар?
Мөлдір БАЙЖАНОВА, Алматы қаласы
Энциклопедиялық мәліметтерге қарағанда, шашты кептіріп, белгілі бір пішінге келтіретін электр бұйымдардың тарихы 1900 жылдан басталады. Осы жылы Германиядағы «Санитас» атты құрастыру бюросы тұтқасы бар қалбыр тәрізді құрал ойлап шығарды. Салмағы екі келі болатын электр құрал шағын двигателі арқылы қызып, айналатын болат оралмасының көмегімен ыстық ауаны үрлейтін. Бірақ әйелдер шаш кептіруге 15 минуттан астам уақыт кетіретін болды. Мұндай уақытта шаш бөлменің қалыпты температурасында табиғи жолмен де кеуіп қалатын. Фашистер кеңестік империяға соғыс ашатын жылы неміс өнертапқыштары шаш кептіргіш бұйымдардың мейлінше жетілген түрін қолданысқа енгізіп, оған «фен» деген атау берді. Ғoen – Альпінің жылы желі.