Ежелгі қой тұқымының қандай түрі бар?
Қазірде асыл тұқымды мал өсіру жайы жиі қозғалады. Жалпы, бүгінде елде өсіруге қолайлы ежелгі қой тұқымының қандай түрі бар?
Алмат ЖАНӘДІЛОВ, Алматы облысы
1918 жылы Кеңес өкіметі орнағандағы есеп бойынша, яғни 1916-1918 жылдары Қазақстанда 22 түрлі қойдың тұқымы өсірілген екен. Мәселен, Батыс Қазақстанда азғыр тұқымды қой, Еділбай қойлары өсірілсе, Орталық Қазақстанда бес ата қойлары, ал Шығыс Қазақстанда шыңғыс тұқымды қойлары мен әртүрлі құйрықты қойлар, моңғол тұқымдас қойлар өсірілді. Қазір бізде мұның бірі де жоқ. Бүгінде біз қазақтардың ежелгі мал тұқымын сақтап қалуға келгенде, асыл тұқымды мал басын алуға келгенде ауызды қу шөппен сүртіп отырмыз. Бізде қазір тек Еділбай қойының тұқымы ғана сақталып қалды. Қалған 21 түрлі тұқым құрып кетті. Бүгінде асыл тұқымды мал алумен, мал тұқымын зерттеумен айналысып жүргендердің дені «Еділбай қой тұқымы өсіруге қолайлы, климат таңдамайды» деседі.