Ешкі сүтін қайдан сатып алуға болады?
Алматы облысында ешкі сүті өндірілетінін естігенбіз. Бірақ оны сауда нүктелерінен таппадық. Оны қайдан сатып алуға болады?
Сайра ДҮЙСЕБАЙ, Алматы қаласы
Бізде ешкі сүті кеңінен қолданылатын балалар тағамдарының 90 пайызы – шетелдік. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Ақ бастау» компаниясы ешкі сүтін өндіруді қолға алғанын алдында жазған болатынбыз. Бұл бастаманы Қазақ тағамтану академиясы қолдап отырғандықтан, біз бұл сауалға жауап беру үшін соларға хабарласқан едік. Ондағылар ешкі сүтінің Алматыда «Столичный» және «Рамстор» сауда желілерінде сатылып жатқандығын айтты.
Біз «Рамстор» дүкеніне барғанымызда, олар тауардың қымбаттығына байланысты оны сөреден алып тастағандарын айтты. Соған қарағанда, бәрінен оңтайлысы, ешкі сүтін Жароков – Құрманғазы көшелерінің қилысында орналасқан Қазақ тағамтану академиясының бірінші қабатындағы арнайы кабинеттен сатып алған дұрыс.
Шындығында, ешкі сүтінің бағасы қымбат болып шықты. Оның бір литрі 1000-1500 теңгеден сатылып жатқан көрінеді. Алайда өндірушілердің айтуынша, бұл – уақытша қиыншылық. Қытайдан сүтті ешкілер әкелінгеннен соң, шикізат өзімізден болған кезде сүттің бағасы арзандайды. Ал қазіргі ешкі сүті Голландиядан әкелінген шикізаттың негізінде жасалып жатыр.