Есік пен төрдің арасы
Халқымыз «төр» сөзіне ерекше мән береді. Жалпы, есік пен төрге байланысты қандай ұғымдар бар?
Нұркен Маратұлы, Орал қаласы
Киiз үйдiң есiгi, әдетте, шығысқа қаратылады. Бұл күннiң сәулесi үйге бiрiншi түссiн дегендi бiлдiредi. Төрдегi адам есiкке қарап отырады. Егер төрдегі ер адам малдас құрып отырса, оның әкесi жоқ деп есептеңiз. Әкесi тiрi адам малдас құрмайды. Отырудың өзiнiң осындай таңбалық мәнi бар. Төрдегi адам төрелiк айтады. Төрге ақ пен қара түстi сырмақ төселедi. Мәнiсi: төр – ақ пен қараның аражiгiн ажырата алатын адамның орны. Төрде отырып, билiк айтқандар мемлекет билiгiне дейiн көтерiлген. Мұны Орхон-Енисей жазбасындағы «төр» сөзiнiң мемлекет мағынасында қолданылғанынан байқауға болады. Тау бөктеріндегі жайлауды да төр деп атаған. Қазақта «Едiл – үйдiң есiгi, Жайық – үйдiң жапсары, Түркiстан – ұлы төрiмiз» деген сөз бар. Бұдан не ұғамыз? Бұдан халқымыздың қасиеттi жерiн киелi киiз үйiндей қастерлейтiнiн ұғамыз. Шыңғыс дәуiрiндегi Ақ орда, Көк орда, Алтын орда дегендердiң өзi кеңейтiлген киiз үйдiң көшiрмесi iспеттi. Ал бүгiнгi Астанадағы Ақорда – осы түсiнiктiң заңды жалғасы, халықтық мәдениеттiң бүгiнгi күнге ауысуы.