Кейде құрбыңызбен, досыңызбен отырып әңгіме айттыңыз. Дәлірек айтқанда, ол мұңын шағып, әңгімесін айтты. Әңгімеден соң сіз шаршап, әлсіреп қаласыз. Ал жаңа ғана жылап, мұңын шағып отырған адам шапқылап кетіп барады немесе…
Кейде отбасы жұптарының арасында, туған-туыс, көрші-қолаң, дос-жаран арасында «жанашыр» адамдар болады. Сіздің өміріңізге килігіп, араласуды өзінің миссиясы санайды. Сіз тіпті оған жоқ деп айта алмайсыз. Ал ол болса, сіздің сеніміңізге кіріп, ақырындап энергияңызды сора береді, сора береді…
Энергетика вампирі – бұл қарапайым, тіпті күнделікті жаныңызда жүретін адам (ондайлар көп); олар елден ерек ештеңе жасамайды (бақсы-балгерлік қасиеті жоқ); қоғамдық тәртіп нормаларын бұзбайды, айқайлап, ұрыс-керіс те шығармайды, керісінше жаны ашып жүргені:
– Жаным, бәрін сені сүйгендіктен жасаймын ғой! Бұл өмірдегі барлық тірлігім, әрекетім тек өзің үшін. Сен үшін өмір сүрем, жұмыс жасаймын, ақша табамын!
– Жаным-ау, осының бәрін сізге жаным ашығаннан жасап жүрмін ғой. Мен болмасам көрер едің күніңнің қараң боларын!
– Мінекей менің сыйлығым, міндетті түрде қолдан!
– Сенің жасай алмай жатқаныңы көрдім (енді қолыңнан келмейтіні көрініп тұр ғой), міне саған көмектесіп, өзім-ақ жасап тастадым!
– Мә, ала ғой, саған сорпа жасап әкелдім, менсіз аш отырған боларсыңдар!
Энергетикалық вампирді қалай анықтауға болады?
– Оны келгеніне небәрі 1 секунд болды, ал сіз оны ұрып-ұрып, мылжа-мылжасын шығарып, сорпасын басына төңкеріп, қуып шыққыңыз келіп тұрса, бұл ДӘЛ ӨЗІ!
– Ол тіпті ештеңе жасап үлгермеді, сөйлемеді де көп, ал сіздің қаныңыз қайнап, басыңызға шығып тұр!
– Оны көргенге дейін көңіл күйіңіз алып ұшып, энергияңыз тасып тұрды. Көп болса, 10-15 минут сөйлесіп, әл-күшіңіз таусылды да қалды. Тіпті өмірдің өзінен түңілгелі тұрсыз.
– Онымен кездесуден соң, еш себепсіз ашушаң болып кеттіңіз, өзіңізден өзіңіз біреуге тиіскіңіз келіп тұр. Тырнадан ашуын алатын таздайсыз, қысқаша айтқанда.
Олар қайдан шығады?
Бақытсыз балалық шақтан, ұрыс-керіс, айқай-шу көп болатын отбасыдан, назар жетіспейтін баладан. Иә, мүмкін ол өзіне тиесілі махаббатты, назарды жылап-сықтап, қиқарлығы мен еркелігіне басып қана алған шығар.
Не істеу керек?
– Еш жағдайда онымен ұрысуға, төбелесуге болмайды!
– Ешқандай конфликтке баруға болмайды: вампирге керегі де сол, сіз айқайлағанда ол сол мейірбан күйінде қалады!
– Берген сыйлықтарын қалдырмауға тырысыңыз, тезірек құтылыңыз!
– Кейін өзіңізге қарсы пайдалануға болатын ақпаратты, сырыңызды айтпаңыз! Вампирлер адамдарды шағыстырудан да ләззат алады.
– Өзіңізді жақсы көріңіз! Өзіңізге сенімді болыңыз!
– Адамдарға «жоқ!» деп айтуды үйреніңіз!
– Энергетикалық вампир сізбен қарым-қатынасын дұрыстайды деп үміттенбеңіз. Бұл тек кезекті ойын ғана болуы мүмкін.