Энцефалит ауруының адам өміріне қаупі қанша?
Тауда серуендеп жүргенде баламды кене шағып алыпты. Дәрігер «энцефалит ауруына күдік бар, бір ай бойы бақылауда боласың» депті. Бұл қандай ауру және оның адам өміріне қаупі қанша?
Меруерт, Алматы облысы
Ә.М. ҚҰРБАНОВ, ҚР ДСММСЭҚК «Алматы қаласының дезинфекция станциясы» РМҚК маманы:
– Кене энцефалиті – адамның орталық жүйке жүйесін зақымдайтын, кене шағу салдарынан пайда болатын аса қауіпті ауру. Энцефалит вирусын тасымалдаушы кене шаққан жағдайдың 20-30 пайызында адам өте ауыр кеселге ұрынып, сал ауруына шалдығып, мүгедек болып қалуы, тіпті қазаға ұшырауы мүмкін. Сондықтан дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Дер кезінде дәрігерлік көмекке жүгіну энцефалит ауруының қатерін жоюға көмектеседі.
Қ.К. ҚЫРДАСЫНОВ, ҚР ДСММСЭҚК «Алматы қаласының дезинфекция станциясы» РМҚК маманы:
– Бүгінгі таңда елімізде кене энцефалиті ауруының эпидемиялық энтомологиялық жағдайы қолайсыз болып тұр. Оның басты себептерінің бірі – зарарсыздандыру жұмыстарының уақытында жүргізілмеуінде болып отыр. Жыл сайын наурыз-тамыз айларында кенелік энцефалит вирусын тасымалдайтын иксодид кенелер анағұрлым көп байқалатын аймаққа Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары және Алматы қаласының маңайы жатады. Аталған аумақтарда кененің шағуы адамды қауіпті ауруларға ұшыратуы мүмкін. Жыл сайын Алматы маңында ауру тасмалдаушы кенелер түрі көбеюде. Кене энцефалитін тасымалдаушы кенелер белсенділігінің маусымы қыркүйек айына дейін созылуы ықтимал. 2013 жылдың эпидемиологиялық мерзімінде Алматы қаласында 1469 адамды кене шаққан, оның ішінде 631-і – балалар. Сәуір мен мамыр айында Алматы қаласында екі кене энцефалиті тіркелді. Ал 2011-2012 жылдары республика бойынша 40 кене энцефалиті тіркелген.