Еңбекке жарамсыздық парағы қанша уақытқа беріледі?
Еңбекке жарамсыздық парағы қандай ереже бойынша және ең көп дегенде қанша уақытқа берілуі мүмкін?
Қазанғап СӘЛІМТЕГІ, Қызылжар
ҚР Еңбек кодексінің 159-бабына сәйкес, жұмыс берушi өз қаражаты есебiнен қызметкерлерге еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтiк жәрдемақы төлеуге мiндеттi. Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тәртiппен берiлген еңбекке жарамсыздық парақтары еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтiк жәрдемақылар төлеу үшiн негiз болып табылады. Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтiк жәрдемақылар қызметкерлерге еңбекке жарамсыздықтың бiрiншi күнiнен бастап еңбекке қабiлетi қалпына келген күнге дейiн немесе мүгедектiк белгiленгенге дейiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есептелген олардың орташа жалақысының есебiмен төленедi. Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, жұмысқа уақытша жарамсыздық парағы мен анықтамасын беру қағидалары бойынша, жүктiлiк және босану, сондай-ақ «Екi айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзiмi белгiленуi мүмкiн ауру түрлерiнiң тiзбесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 4 желтоқсандағы №1171 қаулысымен айқындалған жағдайларды қоспағанда, жұмысқа уақытша жарамсыздық анықтамасы әртүрлі сырқатпен ауырған қызметкерге екi айға дейінгі мерзiмге берiледi. Егер сараптама қорытындысы бойынша адам денсаулығы нашар деп табылса, ДКК-ның екi айдан алты айға дейiнгi мерзiмге неғұрлым жеңiл жұмысқа уақытша ауыстыру туралы қорытындысы берiледi. Мерзiмдi кәсiбiне, аурудың ағымы мен асқынуына қарай дәрігерлік кеңес комиссиясы белгiлейдi.