Еңбек шартының бұзылуын алдын ала ескерту керек пе?
Еңбек шартының мерзімі бітуіне байланысты жұмыс беруші мен жұмысшының бір-бірін алдын ала ескерту уақытын біреулер үш күн десе, енді біреулер 30 күн дейді. Менің білейін дегенім, бұл туралы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінде не айтылады?
Әділбек ЫҚЫЛАСОВ, Қызылорда облысы
Сарапшы маманның берген жауабы бойынша, Еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты еңбек шартын бұзу тәртібі ҚР Еңбек кодексінің 53-бабында көзделген. Аталған бапқа сәйкес, белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылады. Еңбек шартында келісілген мерзімге сәйкес, қызметкердің соңғы жұмыс күні белгілі бір мерзімге жасалған еңбек шарты мерзімінің аяқталар күні болып табылады. Яғни заңнама бойынша, еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты ескерту жасау көзделмеген, себебі жұмыскер еңбек шартының белгілі мерзімге жасалғаны жөнінде алдын ала хабардар болады. Дегенмен еңбек шартының одан әрі жалғастырылмайтыны жөнінде жұмыскерге алдын ала хабарлап қоюдың артығы жоқ.