Менің анам жасына байланысты осы жылдың маусым айында зейнеткерлікке шығады. Жалпы еңбек өтілі – 39 жыл. Қазіргі уақытта поштада газет-журнал сатушы болып жұмыс істейді. Жалақысы – сатылымнан түскен ақшаның 10 пайызы. Айлық жалақысы аз болғандықтан, анам зейнеткерлікке шыққанда, еңбек өтілі ескеріле ме? Серіжан АЙҚАБЫЛОВ, Қызылорда облысы
Азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес жүзеге асырылады. Заң талаптары бойынша, зейнетақы мөлшерін белгілеу азаматтардың зейнетақы есебі үшін тапсырған табыс мөлшері мен еңбек өтіліне қарай тағайындалады. Жалпы негізде зейнетақы тағайындау әйел адамдарға 58 жасқа толғанда жүргізіледі. Стаж 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін есептеледі. Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу жұмыста болған үзілістерге қарамастан, 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап қатарынан кез келген үш жыл жұмыс үшін орташа айлық табыс негізге алына отырып жүзеге асырылады. 1998 жылдан кейінгі табыс мөлшері зейнетақы қорларына төленген зейнетақы жарналарына сәйкес жүргізіледі. Бұл ретте, қажетті еңбек өтілі болып, бірақ зейнетақы есептеуге арналған орташа айлық табыс болмаған жағдайда, заң талабына сәйкес, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақы мен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі тағайындалады.