Еңбек демалысы кезінде жұмысқа шақырылғанда ақы төлене ме?
Мен мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Шілденің 1-інен бастап кезекті еңбек демалысына шығып, ақысын толық алдым. Бірақ өндірістік қажеттіліктерге байланысты бұйрықпен қайта жұмысқа шықтым. Енді маған жалақы төлене ме?
Шәмшия ИСКАКОВА, Оңтүстік Қазақстан облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 109-бабына сәйкес, жұмыс берушi жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын тек қызметкердiң жазбаша келiсiмiмен ғана үзуi мүмкiн. Қызметкердiң жұмыс берушiнiң ұсынысынан бас тартуы еңбек тәртiбiн бұзу болып табылмайды.
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан шақыртып алуға байланысты пайдаланылмаған бөлiгi еңбек шарты тараптарының келiсiмi бойынша ағымдағы жыл iшiнде немесе келесi жұмыс жылында кез келген уақытта берiледi не келесi жұмыс жылындағы жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына қосылады.
Қызметкердi жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан шақыртып алған кезде демалыстың пайдаланылмаған бөлiгiн басқа уақытта берудiң орнына, қызметкер мен жұмыс берушiнiң арасындағы келiсiм бойынша қызметкерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлiгiнiң күндерi үшiн өтемақы төлемi жүргiзiлуi мүмкiн.
Бұл ретте, егер Сіз жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы кезеңіне сақталатын орташа жалақыны толық (еңбек демалысының барлық күндеріне) алған жағдайыңызда аталған өтемақы төлемi жүргiзiлмейді.
Ал жалақыңыз жұмысқа шыққан күннен бастап есептелуі тиіс.