Егер қызметкер еңбек демалысы уақытында ауырып, ол туралы еңбекке жарамсыздық парағын алып келсе, осыған орай еңбек демалысының мерзімі ұзартылып, ақы төленуі тиіс пе?
Жанғайша, Қарағанды облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшысының мәліметінше, ҚР Еңбек кодексінің 108-бабына сәйкес, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы:
– қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз болған, жүктiлiкке және босануға байланысты демалыста болған;
– егер бұл үшiн заңда жұмыстан босату көзделсе, қызметкер жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы уақытында мемлекеттiк мiндеттер атқарған жағдайларда толық немесе оның бiр бөлiгi ауыстырылады.
Бұл ретте кодекстің 159-бабына сәйкес, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы:
1) заңды күшiне енген сот үкiмiмен кiнәлi екендiгi анықталған жағдайда оның қылмыс жасау кезiнде алған жарақаттарының салдарынан еңбекке уақытша жарамсыздық туындаған қызметкерге;
2) соттың ұйғарымы бойынша қызметкердi мәжбүрлеп емдеген (психикалық аурулардан басқа) уақыт үшiн;
3) заңды күшiне енген сот үкiмiмен немесе қаулысымен қызметкердiң кiнәлi екенi анықталған жағдайда ол қамауда болған уақыт үшiн және сот-медициналық сараптама жасалған уақыт үшiн;
4) қызметкердiң iшiмдiк, есiрткi және уытты заттарды пайдалануы салдарынан туындаған ауруларға немесе жарақаттарға байланысты еңбекке уақытша жарамсыздығы кезiнде;
5) жыл сайынғы ақылы еңбек демалысымен сәйкес келетiн уақытша еңбекке жарамсыз күндер үшiн төленбейдi.