Қазіргі уақытта ғаламтор адам өмірінің маңызды құрамдас бөлігіне айналып барады. Адамдар мобильді байланысты әбден меңгеріп, енді интерактивті қарым-қатынасқа көшті. Менің білгім келетіні – қазір ғаламдық желінің қай ресурстары көп қолданысқа ие?
Назым ӘКІМҚОЖАЕВА, Алматы қаласы
СomScore компаниясы өкілдері жүргізген зерттеу бойынша, бүгінде әлем тұрғындарының дені ғаламторда Google сайттарын тұтынады. Өткен маусым айында ғана бұл ресурсты 844 млн тұтынушы пайдаланған. Бұдан кейінгі орында – Microsoft сайттары, оның бір айдағы көрсеткіші – 691 млн адам. Ал айына шамамен 581 млн тұтынушы пайдаланатын Yahoo! ресурстары үшінші орында. TechCrunch басылымының мәліметінше, Wikimedia Foundation, Facebook әлеуметтік-танымдық сайттары мен eBay онлайн бәссаудасы және Amazon ғаламтор-дүкені де – әлем тұтынушылары сұранысына ие желілер. Бір қызығы, www.mail.ru, www.odnoklassniki.ru, vkontakte.ru сияқты сайттардың көпшілік тұтынатын әлеуметтік желілері тұтынушыларының саны жағынан жоғарыда аталған ресурстарды басып оза алмай отыр.