Ең алғашқы Конституция қай елдiкi?
Дүниежүзiндегi ең алғашқы Конституция қай елде, қай жылы қабылданған?
Нұрлан ЖИЕНБАЕВ, Талдықорған қаласы
Конституция – мемлекеттiң жоғарғы заңдық күшi бар нормативтiк-құқықтық актiсi. Әлемдегi ең алғашқы Конституция туралы деректер нақты емес. 1877 жылы қазiргi Ирактың территориясынан шумерлiк патша Уруинимгиннiң жазған заңдары табылған. Ол бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 2300 жылдары жазылған. Қазiргi Конституциялардың атасы Сан-Мариноның негiзгi заңы болып табылады. Аталған құжат 1600 жылы қабылданған. Ал ол Конституцияның негiзi қалалық жарғы ретiнде 1300 жылдары қаланған. Өзгерiске ұшырамай қазiр қолданыста жүрген Конституциялардың ең ғұмырлысы 1780 жылы қабылданған Массачусетс штатының басты құжаты екен. Қазақстанның ең алғашқы Конституциясы 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылданды. Алғашқы негiзгi заңымыз бойынша сол кездегi Жоғарғы Кеңестiң, заң шығарушы органның рөлi күштi болды. Екi жылдан кейiн, яғни 1995 жылы тамыз айының 30-ы күнi жаңа Конституциямыз қабылданды. Ол құжат бойынша Қазақстан президенттiк республика атанды. Елiмiздiң бас құжатына 1998 жылы өзгерiстер енгiзiлдi. Өйткенi әлемдiк тәжiрибеде мемлекет құжаттары мен заңдары заман ағымына қарай өзгерiп отырады. Ал 2007 жылдың мамыр айында ҚР Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлдi. Қазiргi құжатқа сәйкес, Қазақстан президенттiк-парламенттiк мемлекетке айналды. Елiмiздiң бас заңын әлемдегi ең жас Конституциялардың қатарына жатқызуға болады.