Елімізде сыбызғы үйірмелері бар ма?
Сыбызғы аспабына қатты қызығамын. Баламның сыбызғы мен сазсырнайда ойнай білгенін қалаймын. Сыбызғыда ойнауды үйрететін үйірмелер бар ма? Қазіргі таңда қандай кәсіби сыбызғышылар бар?
Есболат САРДАРБЕКОВ, Алматы қаласы
Кәсіби сыбызғышы, Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы Талғат Мұқыштың айтуынша, елімізде сыбызғышылар мен сазсырнайшылар өте аз. Сондықтан тұрақты үйірмелер жұмыс жасамайды. Тек жеке сыбызғышылармен келісе отырып, балаларды сыбызғы үйренуге тапсыруға болады. «Осы күні қазақ сыбызғышыларының басында тұрған менің ұстазым Кәлек Құмақайұлы, консерватория оқытушысы Гүлфайруз Далабай, көптеген аспаптардың құлағында ойнайтын Еділ Құсайынов, «Сазген» этнографиялық-фольклорлық ансамблінің мүшесі, «Мәңгілік сарын» фестивалінің бас жүлдегері Эльмира Қасқынбаева сияқты сыбызғы орындаушылары саусақпен санарлықтай ғана», – дейді Талғат Мұқыш.