Елімізде қанша әуе компаниясы бар?
Кейде туристік фирмалардың көмегіне жүгінген кезде шетелдерге сапар шегу үшін неше түрлі әуе компанияларының қызметін пайдалануға кеңес беріп жатады. Оның қайсысы қазақстандық, қайсысы шетелдік екені белгісіз. Елімізде қанша әуе компаниясы бар?
Бекен Байғазин, Алматы қаласы
ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде 53 әуе компаниясы тіркелген. Олардың 15-і халықаралық жолаушылар тасымалын жүзеге асырады, соның ішінде үшеуі тұрақты тасымалмен айналысады. 12 компания халықаралық жүк тасымалдарын, тағы 12 әуе компаниясы – авиациялық, 14 компания авиахимиялық жұмыстарды орындайды. Халықаралық және ішкі жолаушы тасымалдарының 80 %-ын ұлттық әуе тасымалдаушы «Эйр Астана» іске асырады. 17 %-ын – SCAT әуе компаниясы, 3 %-ын басқа компаниялар орындайды. Жыл сайын қазақстандық әуе компаниялары мен олар іске асыратын әуе қатынастарының қатары көбейіп келеді.