Қазір біз дәрі-дәрмектің басым көбін шетелдерден әкелеміз. Сонда өзімізде дәрі өндіретін зауыт-фабрикалар жоқ па?
Әлия ӘБДІРАЗАҚОВА, Шымкент қаласы
Жұпар ЖЕҢІСҚЫЗЫ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті фармациялық қызметті ұйымдастыру бөлімінің жетекші маманы:
– Елімізде дәрі-дәрмек қызметімен айналысатын 9 мыңнан астам мекеме бар. Оның ішінде дәрі шығаратын ірі өндіріс орындары өте аз. Бес-алты ғана. Осы ретте ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов елімізде дәрі-дәрмек шығаратын сегіз жаңа өндіріс ошағы ашылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ «Химфарм» акционерлік қоғамы Шымкент қаласында таблеткаланған дәрі-дәрмектер мен ампуладағы инфузиялық қоспаларды және антибиотиктер шығару ісін жолға қоямақ. Бұған қоса, Астанада вакцина мен инсулин шығарылады. «Глобал Фарм», «Нобель», «Ромат», Фитохимия сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері таблеткалар мен құтылар және мазьдар шығарады. Нәтижесінде, елімізде отандық дәрі-дәрмектер өндірушілер өнімдерінің үлесі артады. Олардың арасында асқазан, ішек ауруларына қарсы дәрілер – 80 пайызға, диабетке қарсы дәрілер – 60 пайызға, онкологиялық ауруларға қарсы дәрілер – 52 пайызға, вакцина өндірісі 67 пайызға өседі деп күтілуде.