Еліміз әлемдегі ең ірі тау-кен өндіруші ел ретінде танылды
Бүкіләлемдік тау конгресі Қазақстанда өткізіледі деп естідік. Қай жылы және ондай бүкіләлемдік сипаты бар мұндай аса кең көлемдегі жиынның мақсаты не?
Ризагүл Айтбаева, Атырау қаласынан
Расында да Бүкіләлемдік тау конгресі еліміздің бас қаласы Астанада өткізіледі. Бұл туралы 2013 жылдың 10 тамызында Бүкіләлемдік тау конгресі Халықаралық ұйымдастыру комитетінің 93-отырысында сөз болып, шешім бір ауыздан қабылданып, бекітілді. Конгрестің өткізілетін уақыты – 2018 жыл. Жоғарыда сөз болған Бүкіләлемдік тау конгресі Халықаралық ұйымдастыру комитетінің 93-отырысында Қазақстан әлемдегі ең ірі тау-кен өндіруші ел ретінде танылды, яғни 2011 жыл қорытындысына сәйкес, еліміз тау-кен өндірісі көлемі бойынша әлемде 10-орынды иеленіпті.
Айта кетейік, Бүкіләлемдік тау конгресі 1958 жылы құрылған және екі-үш жылда бір рет өткізіледі. Бұл – қатты пайдалы қазбалардың кен орындарын игеру саласында жұмыс істейтін түрлі елдердің мамандары мен ғалымдарын біріктіретін халықаралық үкіметтік емес ұйым. Ал Бүкіләлемдік тау конгресінің негізгі мақсаты төмендегідей:
Тау технологияларын дамыту және тау-кен саласы жұмыстарына бөлінген аумақтардағы жұмыс қауіпсіздігін және табиғи ортаны қорғауды арттыру;
Бүкіл әлемнің тау қоғамдары арасындағы тікелей ынтымақтастықты кеңейту;
Тау-кен саласы ғылымын дамыту.