Электронды үкіметтің келешегі кемел
Менің білгім келетіні, электронды үкімет жүйесіне көшудің тиімділігі неде? Оның ерекшелігі мен халыққа пайдасы туралы айтсаңыздар?
Марал НОҒАЙБАЕВА, Алматы облысы
Электронды үкіметтің мәні – мемлекеттік электронды басқару, яғни дәстүрлі үкіметтің электрондық сипатқа көшуі. Мұнда азаматтарға мемлекеттік қызмет түрлерінің сан алуан сервисі ақпараттық технологиялардың көмегімен көрсетіледі. Бұл бойынша бұрынғыдай қағазбастылықтан арылып, мемлекеттік органдарға әрі-бері сабылмай-ақ, ісқағаздарын электронды түрде алмасуға болады. Электронды үкіметтің артықшылығы – ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңiнен қолдану жолымен мемлекеттiк органдардың жұмыс істеу тиiмдiлігін арттырады, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойып, азаматтардың мемлекеттік органдармен байланысын жеңілдетеді. «Қазақстан Республикасының 2005-2007 және 2008-2010 жылдарға арналған Электронды үкімет құру туралы» бағдарламасы аясындағы сан қырлы е-қызмет көрсетулер жылдам, сапалы әрі қолжетімді түрде жүзеге асырылады. Электронды үкіметтің нышаны ретінде азаматтар http://egov.kz порталы арқылы қажетті ақпарат ала алады.