Бүгінде электронды оқу құралдарына сұраныс көп. Тіпті көшедегі кейбір жабайы сауда нүктелерінен оның таспаға жазылған нұсқасын сатып алуға болады. Жалпы, электронды оқу басылымдарына қойылатын арнайы талаптар бар ма?
Нұргүл ҚАБИҚЫЗЫ, Ақтөбе қаласы
Электрондық оқу басылымы бағдарламалық басқару құралдары мен құжаттамалары бар және кез келген электрондық ақпарат тасымалдаушысында орналасқан немесе компьютерлік желілерде жарық көрген сандық, мәтіндік, графикалық, аудио, бейне және өзге де ақпараттар жиынтығы болып табылады. Мемлекеттік стандартпен бекітілген электронды құралдың құрамында оқу курсының ең маңызды бөлімдері, сонымен қатар есептер жинағы, анықтамалықтар, энциклопедиялар, карталар, атластар, оқу тәжірибесін өткізуге нұсқаулар, практикумға, курстық және дипломдық жұмыстарды дайындауға әдістемелік нұсқаулар бар.
Негізгі талап бойынша электрондық оқу басылымында ғылыми негізделген фактілер, тұжырымдар мен ережелер және басқа да оқыту ақпараттары болуы керек. Ол тақырыпқа тікелей сәйкес келмейтін, яғни оқу курсының мазмұнына жатпайтын ақпаратты қамтымауы керек. Электрондық оқулық жабық немесе ашық ортада қолданылу мүмкіндігіне ие болуы керек. Онда қосымша бағдарламалық құралдарды талап етпейтін операциялық жүйенің, соның ішінде ашық кодты операциялық жүйелердің нұсқасын ескере отырып, автоматты түрде орнатуының мүмкіндігіне ие болуы керек. Орнату комплектінде мемлекеттік немесе халықаралық стандарттарына сәйкес, электронды оқулықтың тәуелсіз жұмысы үшін барлық қажет шрифтер, драйверлер және бағдарламалар пакеттері болуы шарт.