Елбасына бата берген кім?
Еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылы тұңғыш Елбасымыз Н.Назарбаевқа бата берген қария шыңғыстаулық, ұлылар мекенінен деп естуші едім. Ол кісінің шығармашылығы жайлы білсем деп едім.
Шалқар ЕСЕНТАЙ, Петропавл
Шәкір (Мұхаммедшаһкүр) Әбенов (1901-1994) – халық ақыны. Ауыл молдасынан мұсылманша сауат ашқан. Семейдегі «Приходская школода» – үш жыл, ер балалар гимназиясында бір жыл оқыған. Халықтық эпос «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың» ізімен поэма жазған. Ол 1937 жылы «Әдебиет майданы» журналында, «Кейпін батыр» поэмасы «Әдебиет және искусство» журналында басылған. 1939 жылы Сәрсен Аманжоловтың көмегімен Қазақ КСР Ғылым академиясының филиалына халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаушы корреспондент болып жұмысқа алынады. Осы жылдары Д.Бабатайұлы шығармаларын, «Тобышақ торы» поэмасын, «Жанақтың Рүстем төреге айтқаны», «Төренің қызымен айтысқаны», «Сабырбай мен Байбаланың айтысқаны», Түбек, Байкөкше, Кемпірбай т.б. ақындардың мұрасын ел аузынан жазып алып, Қазақстан ғылыми-зерттеу орталығына тапсырған. Б.Ерзакович Шәкірдің айтуымен 20 шақты ән-күйді жазып алған. ҰОС басталған соң, өз еркімен соғысқа аттанып, Брянск түбінде жарақат алып, елге оралады. 1948 жылы саяси қуғындауға ұшырап, Сібірге, Александров абақтысына жабылады. 1955 жылы босап, 1961 жылы толықтай ақталады. Ақынның «Таңшебер-Жапал», «Тоқтамыс батыр», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Кейпін батыр» поэмалары бар. 20-дан астам ешкімге ұқсамайтын ерекше ән-күйлері бар. Әндері «Қазақтың 1000 әні» антологиясында жарық көрді.