Жақында Астана қаласында экшн-фильмдердің фестивалі өткені белгілі.
Бейбіт БАЙКЕНОВ, Арқалық қаласы
Экшн (ағылшын тілінде – action) – ойлау қабілетінің жылдамдығымен ерекшеленетін компьютер ойындарының жанры. Мұндай ойындардың іс-әрекеті өте жылдам болатындықтан, ойнаушының да қимылы шапшаң, ойлап, шешім қабылдауы да өте тез болуы қажет және жетістікке жетудің басты құралы суық қару болып келеді. Батыс елдеріндегі мағынасы осы ойындарға орайлас фильмдер экшн-фильм деп аталады. Экшн-фильм – (ағылшын тілінде action movie) негізінен, төбелес, атыс, қуғын-сүргін т.б. зорлық-зомбылыққа құрылған кинематография жанры. Экшн-фильмдерді түсіруге көбіне орасан зор қаражат жұмсалады, каскадерлік қимылдар мен таңғаларлық ғажайыптары көп, әсерге толы болады. Осы жанрға жататын мұндай фильмдер күрделі сюжетке құрылмайды. Басты кейіпкер әділетсіздік, жемқорлық, террор, ұрлық, адам өлтіру, жауыздық сияқты зұлымдықпен бетпе-бет келіп отырады. Басқа жол таппаған басты кейіпкердің амалсыздан зорлық-зомбылыққа баруына тура келеді. Сөйтіп, ақыр соңында ондаған, жүздеген жауыздың көзі жойылады.
Көбіне 16 жасқа жетпеген жасөспірімдерге шытырман оқиғаға құрылған мұндай фильмдерді көруге рұқсат етілмейді. Әдетте атыс-шабыстар хэппи-эндпен (соңы сәтті) аяқталады.