Экомұражай – Орталық Қазақстанда
Дүниежүзінің көптеген елдеріндегідей біздің елімізде де экологиялық мұражай бар ма? Болса, ол қай қалада?
Әсемсаз ДҮБІРБАЕВА, Алматы қаласы
Қазақстандағы экологиялық жағдай күн тәртібіндегі негізгі міндеттердің бірі екені белгілі. Біздің еліміздің әр аймағында 470-тей ядролық сынақ жүргізіліп, 2500 рет ғарыштық және алысқа ұшатын (баллистикалық) зымыран Байқоңыр космодромынан ұшырылды. Арал теңізінің тартылуының, Сарышаған, Семей полигондарының, Нұра өзенінің былғануының, Қазақстанның көптеген аймақтарындағы өзен-сулардың былғануының, сондай-ақ мұнай, көмір, металл өндірісі қалдықтарының залалын халық шегіп отыр. Осы мақсатта еліміздің экологиялық жағдайын кешіктірмей қолға алуды негізге алып, Қазақстан Республикасының Парламенті, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі шетелдік әріптестермен бірігіп, көптеген жұмыстар жүргізуде. 1997 жылы Қарағанды қаласында Экомұражай (экологиялық мұражай) ашылды. Мұражай қызметкерлері экологиялық зардаптарды бейнелейтін экспонаттарды көрермендер назарына ұсынып қана қоймай, әр аймақтың экологиялық жағдайын зерттеу және оның залалын жою жолдарын қарастыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. 14 тақырыптық түрге бөлінген көрмені көруге бүгінге дейін келушілердің саны 40 000-нан асады.